Қазақстан Республикасының ұлттық музейінде "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында "Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі" көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрмеге барлығы 22 зат қойылды. Олардың барлығында Сұлтан Бейбарыстың басқару дәуіріне тиесілі Барыс эмблемасы бар.
Бейбарыс сұлтан Палестина мен Сирияда Ирандағы моңғол елхандарына және еуропалық кресшілерге тойтарыс берген соғыстарымен танымал. Халық Абуль-Футух "Жеңістердің атасы" деп ардақтаған Бейбарыс Шығыстың көрнекті қолбасшысы.
"Бейбарыс тақта 17 жыл (1260-1277 жж.) отырды. Сұлтан билік құрған жылдары Мысыр қуатты мемлекетке айналды. Арналар, кеме жасау верфтері, елдің шекараларында әскери бекіністер, Каирде сарайлар мен мешіттер салынды, қолөнері, егіншілік, ғылым, сауда, өнер салалары дамыды", - делінген ұлттық музей хабарламасында.
Көрме тамыздың 10 дейін жалғасады.