Астанада IT FEST-2023 өтіп жатыр

301

Бүгін Астанада "IT FEST-2023" инновациялық идеялар фестивалі және EDUFEST білім фестивалі ашылды, іс-шара екі күн бойы өтеді. 

Астанада IT FEST-2023 өтіп жатыр Фото: inbusiness.kz

IT FEST-2023 фестивалінде шетелдік спикерлер мен сарапшылар өз тәжірибесімен, инновациялық идеяларымен, ақпараттық технологиялар саласындағы соңғы трендтерге қатысты ойларымен бөлісіп, шеберлік сағаттар өткізіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Біздің балаларымыз бен жастарымызға даму мүмкіндігін сыйлайтын, тек жеңіске ынталандыратын осындай ірі фэст басы-қасында жүрген барлық адамдарға алғыс айтамын. Осы жақында, қазан айында ғана біздің 5 оқушымыз Сингапурда өткен чемпионаты алтын медаль ұтып алды, яғни бізде дарынды жастар жетерлік. Осында отырғандардың барлығы сол дарындар қатарында, бүгінгі шара сіздерге пайдалы болады деген үміттемін" — деді Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Болатұлы өз құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар аталмыш іс-шараға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. 

"Мұндай іс-шарада біз озық технологиялар жайлы пікір алмасып, ойымызды талқыға салумен қатар, ширек ғасырда жеткен үздік жетістіктерді де атап өтудеміз. NNEF қоғамдық қорын осы маңызды мерейтоймен құттықтаймыз және озық технологияларға ұмтылу жолындағы ортақ ісімізге қосқан зор үлестеріңізді атап, алғысымызды білдіреміз. IT FEST-2023 маңызды талқылауларға толы болып, дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын тарихтағы тағы бір маңызды кезеңнің біріне айналсын", - деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Габдуллин.

Қазақстан-Британ техникалық университетінде қазірдің өзінде жасанды интеллектті енгізу қолға алынған, сол арқылы осы технологияның маңыздылығын арттырып келеді. Сонымен қатар, ҚБТУ жанындағы GameLab ойын құрастыру және зерттеу зертханасы Қазақстандағы геймдев саласында көшбасшы ретінде танылып, ойын индустриясы әлемінде студенттерге шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға бірегей мүмкіндік беруде.

Ал Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде Data Science және "Бизнес-процестерді цифрлық трансформациялау зертханасы" сынды зертханалар жұмыс жасауда, олар күрделі машиналық оқыту мен жасанды интеллек алгоритмдерін енгізуде кластерлер құруға мүмкіндік беретін өнімділігі жоғары компьютерлермен жабдықталған.

"IT FEST-2023  фестивалі ақпараттық технологиялар саласындағы білімі мен тәжірибесінің деңгейіне қарамастан баршаға ашық. IT саласындағы жолын енді бастаған болсаңыз  да,  осы саланың кәсіби маманы болсаңыз да бұл іс-шарада  қызықты әрі пайдалы дүниелерді таба аласыздар. Мұнда өз біліміңізбен бөлісе аласыз, жаңаны танып-біліп, кәсіби көкжиегіңізді кеңейте аласыз. Astana IT University қашанда ақпараттық технологияларды дамытуға барынша үлес қосуды алдына мақсат етіп қояды. IT саласының дамуына және жоғары сапалы IT-білімнің қалыптасуына бірлесіп ықпал ететінімізге сеніміміз мол", - деді Astana IT University ректорының м.а. Серік Өмірбаев.

IT-саласы кейінгі кездері өміріміздің айнымас бір бөлігіне айналды, мысалы, Қазақстанның энергетика саласы да цифрлық трансформациядан өтуде. Қолданыстағы энергетикалық нысандардың жабдықтарын модернизациялау басталды. Оған қоса елімізде жаңа электр стансаларын салу бойынша жоғары деңгейде келісімдерге қол жеткізілгені белгілі, сондай-ақ АЭС салу қызу талқыда.

"Алдымызда тұрған міндеттерді түсіне отырып, Energo University-інің жаңартылған стратегиясын дайындадық. Қоғам игілігі үшін энергетика, ғарыш, коммуникация және ІТ-технологиялар салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы құндылықтар мен зияткерлік әлеуетті дамытатын тұрақты білім беру ортасын қамтамасыз етуді миссиямыз деп білеміз. Бүгінгі міндетіміз – ел экономикасына маңызды hard skills дағдыларын игерген маманды қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар белгілі бір soft skills дағдыларын меңгерген тұлғаны, нағыз азаматты қалыптастыру",- деді Energo University-інің басшысы. 

Айта кетейік, Energo University әлемге танымал  Apple, National Instruments, Siemens, Schneider Electric, ABB, Honeywell, Festo, Cisco, Huawei және т.б. компаниялармен ынтымақтастық орнатқан. 

Жалпы "IT Fest-2023" "EDUFEST" - "NNEF" қоғамдық қорының 25-жылдық мерейтойы аясында өтуде. Фестивальдердің ұйымдастырушылары "NNEF" қоғамдық қоры және "University Alliance of Science and Technology" ЖОО Альянсы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу