Нәтижесінде 1 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қаладағы бірқатар қоғамдық тамақтану орындарын аралап, кәсіпкерлер мен қызметкерлерге қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Әсіресе асүй жабдықтарын, газ құрылғылары мен электр құралдарын дұрыс пайдалану қажеттігіне назар аударылды. Мамандар электр желілеріне шамадан тыс салмақ түсірмеуді, жабдықтардың жарамдылығын үнемі тексеріп отыруды ескертті.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаевтың айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарында 33-ке жуық өрт оқиғасы тіркелген.
Мамандар өрттің негізгі себептері ретінде асүй жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, электр және газ құрылғыларының ақауы мен қауіпсіздік ережелерін елемеуді атады.
Осыған байланысты құзырлы орган кәсіпкерлерді өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырды.