Астанада қайтыс болған донордан жүрек трансплантациясы сәтті жасалды

403

Елімізде 4 мыңнан астам пациентке бүйрек, бауыр және жүрек трансплантациясы қажет.  

Астанада қайтыс болған донордан жүрек трансплантациясы сәтті жасалды Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Астанада қайтыс болған донордың жүрегін мұқтаж пациентке ауыстыру бойынша күрделі операция сәтті өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астана қаласы әкімдігінің "Көпбейінді медицина орталығы" базасында әлеуетті донор анықталды. Донордың отбасы келісім бергеннен кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы донорлық үдерісті ұйымдастырды.

UMC трансплантологтар командасының қатысуымен 1966 жылы туған пациентке жүрек трансплантациясы жасалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы операциядан кейінгі кезең талаптарына сәйкес тұрақты бақылауда.

Денсаулық сақтау министрлігі донордың отбасына қабылдаған маңызды шешімі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ операцияның сәтті өтуіне үлес қосқан медициналық мекемелердің дәрігерлеріне, трансплантологтар тобына және санитариялық авиация мамандарына ризашылығын жеткізді.

Қазіргі таңда Қазақстанда өмірлік маңызды ағзаларды трансплантаттауды 4 739 адам күтуде. Оның ішінде 125-і – бала. Пациенттердің басым бөлігіне бүйрек, бауыр және жүрек трансплантациясы қажет.

Министрлік трансплантологиялық қызметті дамыту, донорлық үдерісті жетілдіру және ағза донорлығының маңыздылығы туралы ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу