Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астананың көпбейінді медицина орталығында әлеуетті донор анықталған. Марқұмның жақындары ағза донорлығына келісім бергеннен кейін Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық донорлық үдерісті ұйымдастырған.
Жүрек трансплантациясын UMC-нің трансплантолог дәрігерлері жүргізді. Донордың жүрегі 1966 жылы туған пациентке сәтті салынған. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, операциядан кейінгі кезең қалыпты өтіп жатыр.
Министрлік донордың туыстарына адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген игі шешімі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ трансплантацияны жүзеге асырған дәрігерлерге, донорлық аурухананың мамандарына, санитариялық авиация қызметкерлеріне және үдеріске қатысқан барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
Ведомство мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 4 739 адам өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды күтіп жүр. Олардың қатарында 125 бала бар. Оның ішінде 4 208 науқасқа бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе, ал 5 адамға жүрек-өкпе кешенін ауыстыру қажет.