27 мамыр күні Астанада қайырымдылық BI Marathon өтеді. Осымен қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылғалы отырған шараға қазірдің өзінде 5600 адам тіркелген. Ұйымдастырушылар тағы да 500 адамды қатарға қосуға әзір, деп хабарлайды abctv.kz.
"Қатысушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, алғашқы марафонға 1700 адам қатысқан болатын. Былтыр 4500 адам бақ сынады. Биыл қатысушылар саны 6 мыңнан асатын секілді", – дейді BI Group холдингі директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев.
Оның айтуынша, марафонға қатысу үшін жарна төлеу керек. Ал жарнаның бәрі толығымен "BI-Жұлдызай" қоғамдық қорына аударылады.
"BI-Жұлдызай" қоғамдық қоры 2004 жылы құрылды. Қор ерекше қажеттілігі бар балаларға қаржылай және әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыра бастаған еді. Бұдан бөлек, медициналық жобаларды да жүзеге асырып келеді. Қазақстанда церебальды сал ауруына шалдыққан балалар көп. Оларды ерте кезден емдеп, сауықтыру шараларын қолға алмаса үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Біз осымен күресіп келеміз. Марафоннан түскен қаржының бәрі қайырымдылыққа жұмсалады", – дейді "BI-Жұлдызай" қоғамдық қоры директорының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова.
Еске сала кетейік, жарыстың бас төрешісі – Афины олимпиадасының қола жүлдегері, белгілі жеңіл атлет Дмитрий Карпов. Марафонға қазақстандық ультрамарафоншы Марат Жыланбаев та қатыспақ.