Ауа-райының қолайсыздығына байланысты Астананың барлық коммуналдық және мердігерлік ұйымдары күшейтілген режимдегі жұмыс тәртібіне көшті. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан қала бойынша сапарлардың маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тәулігіне 20 мың текше метр қар шығарылды. Жолдарды қардан шығару және тазарту кезінде 1000-ға жуық техника пайдаланылды. Қарды қолмен тазалауға 18 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылды. Қарды шығару жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері тәулік бойы жүргізіледі.
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша, Астанада 30 желтоқсанда қар, боран, көктайғақ, екпіні 28 м/с дейін жел күшейеді деп күтілуде.
Ауа-райының күрт нашарлауына байланысты Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан көшеде жүргенде өте мұқият және сақ болуды, алыс сапарларға шықпауды сұрады.