Астана әкімдігі қарлы боранға байланысты елордада қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала көшелерін қардан тазалауға 2300-ден астам жол жұмысшысы мен 1400-ге жуық арнайы техника шықты. Қар шығару жұмыстары 18 желтоқсанға қараған түннен бастап жүргізілуде.
"Қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде, кешкі және түнгі уақытта күшейе түсуде, сондай-ақ маршруттарға түзетулер енгізілуде.Ережеге сәйкес, ең алдымен көлік кептелісі қалыптаспауы үшін көліктер көп жүретін аумақтар тазартылады. Одан әрі қозғалыс қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал аумақтары, тротуарлар қардан тазартылады", - делінген хабарламада.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигондары бар. Олар самосвалдардың нөмірлерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын көшеде қозғалыс кезінде аса сақ болуға және жауын-шашын кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.