Астанада жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен алты айға көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға Қабанбай батыр даңғылында, Сарайшық көшесінен Қорғалжын көшесіне қарай қозғалыс кезінде болған. Полиция қызметкерлері JETOUR X70 PLUS автокөлігін басқарған 42 жастағы жүргізушіні тоқтатқан.
Тексеру барысында жүргізушінің екі бағытты, төрт және одан да көп жүру жолағы бар жолда маневр жасау кезінде 1.3 қос тұтас жолақ белгісін кесіп өтіп, қарсы бағытқа арналған жолаққа шыққаны анықталды.
Осы әрекетімен ол Қазақстан Республикасы Жол жүрісі қағидаларының 9-тарауы 61-тармағының талаптарын бұзған. Аталған тармаққа сәйкес, төрт және одан да көп жүру жолағы бар екі бағытты жолдарда қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуға, оның ішінде 1.3 таңбасымен белгіленген қос тұтас жолақты кесіп өтуге тыйым салынады.
Құқық бұзушылық бойынша жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотта қаралды. Сот шешімімен ол алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Астана қаласының Полиция департаменті қарсы бағытқа шығу жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі екенін ескертеді. Ведомство жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, маневр жасау кезінде мұқият болуға және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.