2017 жылдың 7 мамырында Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парад өтеді. Жылдың ауқымды әскери шарасына кешенді дайындық басталып та кетті, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов көшпелі кеңес өткізді. Кеңес барысында Астана қаласында өтетін әскери парадты сапалы ұйымдастыру және оны өткізу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Егеменді Қазақстанның тарихында айрықша датаға, яғни қарулы күштердің құрылуының 25 жылдығына тұспа-тұс келген алдағы әскери парадтың өзіндік ерекшеліктері бар. Тартылған жеке құрам мен әскери техниканың саны жөнінен бұл шеру бұдан бұрын өткізілген парадтардан өзгеше болуы тиіс. Елордадағы Тәуелсіздік алаңында шамамен 30 жаяу әскер парадтық есептоп құрамында 5 мыңнан аса әскери қызметші салтанатты маршпен адымдап өтуі жоспарланып отыр. Көзтартарлық шеруге 300-ге тарта әскери техника тартылады. Қазақстан авиациясының көк аспандағы қуаты мен жауынгерлік әзірлігін еліміздің әуе қорғанысы күштерінің шамамен 80 авиациялық техникасы паш етеді. Бұл ретте Қазақстан халқы алғаш рет 2016 және 2017 жылдары әскеріміздің арсеналын толықтырған су жаңа әскери техниканы, заманауи қару-жарақ үлгілерін тамашалап, өз бағасын бере алады.
Парадтың тағы бір ерекшелігі Қазақстан қрулы күштерінің ардагерлерін, Қорғаныс министрлігінің иелігіне берілгеннен кейін алғаш рет барабаншылардың (дауылпазшылардың) құрама ротасында өнер көрсететін "Жас ұлан" төрт әскери мектептің тәрбиеленушілері, аумақтық қорғаныс бригадасының ротасы, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен әскери-техникалық мектептің әскери автомобильді техникасында алаңда жүріп өтетін Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің шәкірттерін қатыстыруға тарту.
Іс-шараның негізгі түйіні әлі құпия сақталып отыр. Алайда қарулы күштерде әскери қызметшілерді іріктеу және техниканы дайындау басталып та кетті.
Әскери парад – бұл мерекелік және көзтартарлық іс-шара ғана емес, төл әскеріміздің жауынгерлік қуатын, қарулы күштердің техникалық тұрғыда жабдықталуын, еліміз бен халқымыздың егемендігі мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін көрсету. Бұдан бұрын Қазақстанда өткізіліп жүрген әскери парадтардың әрқайсысы өзінше айрықша және есте қаларлық. Соңғы жылдары өткізіліп жүрген парадтардың ішінде 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған 2015 жылғы парад болды. Оның тарихи және заманауи бөлігінде Ұлы Жеңістің мұрагері ретінде ҰОС жылдары мен қазіргі заманғы Қазақстан армиясының әскери техникасының үлгілері ұсынылды.