Астанада қаржы пирамидасына қатысы барларға 5-8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

266

Қылмыстық топ 100-ден астам азаматты алдап, 165 автокөлік рәсімдеген.  

Астанада қаржы пирамидасына қатысы барларға 5-8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды Фото: kursiv.media

Астанада қаржы пирамидасын құрып, алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адам болғаны және олардың әрқайсысына нақты міндеттер бөлінгені анықталды.

Олар азаматтарды 1-2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алатынына сендіріп, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сонымен бірге несие бойынша төлемдерді өздері өтейтінін уәде еткен.

Алайда рәсімделген көліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылған.

Қылмыстық әрекеттерден 100-ден астам азамат зардап шеккен. Барлығы 165 автокөлік рәсімделген.

Сот үкімімен айыпталушылар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны және алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу