Қатты жел елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті ғимаратының шатырын жұлып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кеше сағат 16-00 шамасында қатты жел Сейфуллин университетіне қарасты Әлия Молдағұлова көшесіндегі корпустарымыздың бірінің шатырына зақым келтірді. Бұл корпус агрономия факультетіне тиісті. Бастысы адамдарымыз зиян шеккен жоқ. Шатырына зақым келген корпус 1931 жылы салынған. Ал оған соңғы рет қайта жөндеу жұмыстары 1957 жылы жүргізілген. 2023 жылы осы ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттары жасалып, сараптамадан өткен болатын. Биылғы жылы көктем шыға осы ғимараттың шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Өкінішке қарай, табиғат апаттарынан ешкім сақтандырылмаған. Ал, ауа райының қолайсыздығы біздің жұмыс жоспарымызға өзгерісін енгізді. Дегенмен, университет басшылығы мұндай жағдай қайта орын алмас үшін шешімді шараларды қабылдайтын болады", - деді университеттен.
ЖОО мәліметінше, кешеден бері апатты жағдай орын алған жерде жұмыс істеліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына қатысты межеленген жұмыс ауқымы уақытылы, әрі сапалы атқарылатын болады.