Астанада қауіпсіз ойын-сауық орталықтары рейтингісі жасалады

727

Рейтинг нәтижесімен "Smart Astana" қосымшасында таныса аласыз. Әзірге тізімде 39 нысан бар, оның ішінде 3 нысан қауіпті деп танылды. 

Астанада қауіпсіз ойын-сауық орталықтары рейтингісі жасалады Фото: niitep.kz

2015 жылы іске қосылған "Smart Astana" қосымшада 60-тан аса сервис бар, ал 2023 жылы ІІМ-мен бірлесе отырып, "қауіпсіздік" жаңа санаты пайда болды, деп жазады Inbusiness.kz.

"2023 жылы Ішкі істер министрлерімен бірге "қауіпсіздік" жаңа санатын қолданушыларға ұсынамыз. Бұл санатта бірнеше сервис ұсынылады, мысалы, "Есірткіге жол жоқ!" қызметі, ойын-сауық мекемелерінің рейтингісі, қаладағы ТЖ кезінде әрекет ету нұсқауы және велосипедтерді тіркеу, ол бойынша өтінімдер жіберу", - деп түсіндірді "Smart Astana" жетекшісі Айдын Еспек.

Сервистің әрқайсысына жекелей тоқталар болсақ, "Есірткіге жол жоқ!" қызметі қазір ең бір өзекті мәселе - есіркі заттарын таратуға тосқауыл болуға мүмкіндік беретін жаңа функция, яғни сіз бәз біреудің тыйым салынған дүниелерді тығып не таратып жатқанын көрсеңіз, қосымшаға кіріп, хабар бере аласыз. Сіздің өтінішіңіз тікелей ІІМ-ге түседі.

Астана қаласы әкімдігі елордалықтарды дүр сілкіндірген Kaspi бөліміндегі жағдайдан сабақ алғандай көрінеді. Елорда тұрғындары пен қонақтарына арналған қосымшада қаладағы ТЖ кезінде әрекет ету нұсқаулығы жарияланды, видео-сабақтар да бар.

Ал ұялы телефоныңызды жоғалтқан жағдайда, қосымшаның тағы бір жаңа функциясы - ұрланған құрылғылар базасынан іздеу қызметін пайдалана аласыз, яғни "Smart Astana" қосымшасына кіріп, осы санатты таңдап, телефоныңыздың IMEI-кодын енгізу арқылы оны табуға болады. Сонымен қатар, осы функция арқылы қолдан сатып алып жатқан құрылғының ұрланғанын тексере аласыз.

Сонымен қатар, енді техникалық құжаттары бар велосипедтерді ІІМ базасына тіркеуге болады. Ол да екі дөңгелекті көлігіңіз жоғалған жағдайда оны табуға көмек болады.

Келесі бір маңызды сервистердің бірі - ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалардың қауіпсіздік рейтингі. Ішкі істер министрлігі өтінім білдірген нысандарға барып, тексеріс жүргізеді: өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау, мамандырылған күзет қызметі, қылмыстық істер қарастырылады. Айта кететіні, 102 түскен хабарламалар да есепке алынады, сол арқылы рейтинг төмендейді. Айдын Еспектің айтуынша, рейтингке қосылуға ешкім міндеттелмейді, кез-келген кәсіпкер өз қалауымен тіркеледі.

Алайда тексеріс жасауға кәсіпкерлер құлшына кірісті деуге келмейді. Жаңа сервиске кіріп қарайтын болсақ, бар болғаны 39 нысан тіркелген, дені кішігірім тамақтану орындары, барлар, ал бірақ бірде-бір ойын-сауық орталығын тізімде көрмедік. Ал қылмыстық істердің дені адам көп жиналатын осындай нысандарда боларын ескерсек, рейтинг қаншалықты тұрғындар қауіпсіздігіне септігін тигізеді деген сұрақ туындайды. Дегенмен қазірдің өзінде 3 нысан қауіпті деп танылған, 18 мейрамхана - орташа қауіпті, 17 нысан - қауіпсіз екені анықталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу