Астанада "Қауіпсіз жанұя" акциясы өтіп жатыр

320

Акция өрт қауіпсіздігінің алдын-алу мақсатында жүргізіліп жатыр.

Астанада "Қауіпсіз жанұя" акциясы өтіп жатыр Фото: gov.kz

Астанада жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша "Қауіпсіз жанұя" ауқымды акциясы өтіп жатыр. Құтқарушылар, еріктілер, полицейлер, жергілікті атқарушы органның және әлеуметтік қорғау саласының өкілдері жер үйлерді аралап, түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордалық ТЖД жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға бағытталған жұмысты тұрақты негізде жүргізеді. Аралау нәтижесінде тұрғын үйлердегі жылу жүйесіндегі, электр желілері мен жабдықтардағы кемшіліктер анықталады.

"Осындай кемшіліктерге байланысты өрттер мен адамдардың өміріне қауіп төнеді. Астанада жыл басынан бері жеке үйлерде 159 өрт болып, 3 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды. Елорда әкімдігінің қолдауымен біз жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында акция өткіземіз. Аяз басталғанға дейін жеке үйлерде тұратын қала тұрғындарымен профилактикалық жұмыстарды барынша жүргізу үшін үш күндік курстан өттік", - деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ажар Рүстемова.

Акция барысында Сарыарқа ауданының жеке тұрғын секторындағы азаматтарға өрт кезіндегі іс-қимылдар, электр желілері мен аспаптарды, жылыту жүйелерін қолдану, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды анықтау, улы газ датчиктерін орнату бойынша түсіндіру-алдын алу жұмысы жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, жергілікті атқарушы органдар елорданың ТЖД-мен бірлесіп жылыту кезеңінде өрт санын азайтуға ықпал ететін тұрақты негізде алдын алу шараларын жүргізуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу