Елордада Наурыз мейрамы қарсаңында қазақ күресінен "Өнер барысы" өтеді. Бұл туралы белгілі ақын Балғынбек Имашев Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Өнерпаз жандардың арасында салт-дәстүрін қаймақ, діні мен тілін байрақ, ары мен намысын қайрақ етіп жүрген нағыз ұлтжанды азаматтар жетерлік. Олардың тек насихаты кем болып тұрған секілді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаңа жобаны жоспарладық", – деп жазды Балғынбек Имашев.
Жобаның мақсаты – қазақ күресін дамыту, өнер мен спорттың егіз екенін, қазақ жігіттерінің сегіз қырлы, бір сырлы екенін көрсету.
"Өнер барысы" жобасында танымал әншілер, ақындар, актерлар, жайдарманшылар мен журналистер т.б. өнер иелері қазақ күресінен бақ сынайтын болады. Олардың барлығы елге белгілі өнер әлемінің өкілдері болмақ.
Ал өнерпаздарға Қазақстан барысы атанған балуандар бапкерлік жасайтын болады.