Астанада Қазақстан машина жасаушыларының форумы басталды

688

Елордада Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы өз жұмысын бастады.  

Астанада Қазақстан машина жасаушыларының форумы басталды Фото: Тіршілік тынысы

Пленарлық отырыс барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқыды.

“Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының XI форумының ашылуымен құттықтаймын. Бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін, тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновацияға және озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында машина жасау өндірісі айрықша рөл атқарады. Былтыр бұл салада жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрлері, экспорт көлемі көбейді, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бұған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі, мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау шаралары зор септігін тигізді. Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыруымыз керек”, - делінген Президенттің құттықтау сөзінде.

Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кешенді жоспардың жобасы әзірленді.

“Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін. Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарықтарға шығу – біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін. Форум жұмысына табыс тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті болсын!”, - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу