Әлем чемпионы атағына Ян Непомнящий (ФИДЕ) және Дин Лижень (ҚХР) таласады.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 31 қазанында шахматтан қазіргі 16-әлем чемпионы Магнус Карлсен классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын қорғаудан бас тартты, осыған байланысты 2022 жылғы турнирдің жеңімпаздығына үміткер Ян Непомнящийдің қарсыласы турнирде екінші орын алған Дин Лижень болды. Бұл спортшылар халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әлемдік рейтингінде екінші және үшінші орындарды иеленеді: Ян Непомнящийдің рейтингі 2793, Дин Лиженьнің рейтингі 2788. Қандай нәтиже болса да бұл матч 17-жаңа шахмат тәжінің иегерін анықтайды.
Астанада өтетін әлем чемпионаты алғашқы 40 айналымға 120 минут, келесі 20 айналымға 60 минут және 61- айналымға 30 секунд қосып қалған айналымдарға 15 минут уақыт бақылауымен 14 партиядан тұрады. Тең есеп болған жағдайда, қарсыластар рапидтан плей-офф ойнайды.
2 миллион еуро жүлде қорын толық қамтамасыз ететін турнирдің бас серіктесі және ұйымдастырушысы – Freedom Holding Corp.
Әлем чемпионатына ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, шахматтан 14-әлем чемпионы Владимир Крамник, шахматтан 15-әлем чемпионы Виши Ананд, әйелдер арасындағы шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы Хоу Ифань, сондай-ақ гроссмейстерлер – Даниил Дубов, Виорел Бологан, әйелдер гроссмейстері, Латвияның бұрынғы экономика министрі және қаржы министрі Дана Рейзнице-Озола сияқты бірқатар атақты қонақтар келеді деп күтіліп отыр.
Чемпионат аясында қонақтар бір мезгілде бірқатар семинарлар мен ойын сеанстарын өткізеді. 2023 жылғы әлем чемпионатын өткізу барысында Қазақстан Республикасы мен әлемнің әйелдер құрама командалары (рапид және блиц) арасында халықаралық матч өтеді, сондай-ақ 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Future World Champions 2023 I кезеңі өтеді. Бұл кезең 2023 жылғы Қазақстан Республикасы балалар Кубогының финалына қатысатын үміткерлерді анықтайды.
"Алдағы әлем чемпионаты шахмат әлемі үшін де, Қазақстан үшін де маңызды оқиға болып саналады. Қазіргі уақытта еліміздегі шахмат трендте. Біз шынымен де қызығушылықтың артып келе жатқанын байқаймыз. Осыған байланысты Қазақстан жас ұрпақ үшін шахматты дамытудың бағдарламасын қабылдады. Қазір Федерация алдында шахматты түбегейлі жаңа деңгейге көтеру, жас шахматшыларға керемет мүмкіндіктер жасау және жаңа таланттардың іргетасын қалау міндеті тұр. Матчты өткізу – Қазақстанның әлемдік спорттағы маңыздылығының және біздің зор әлеуетімізге деген сенімнің дәлелі. Алдағы жылдары біздің спортшылар жаңа жетістіктерге жететініне сенімдімін және біз қазақстандықтардың жеңісімен мақтанамыз", – деп атап өтті Қазақстан Шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.