14 наурыз күні елордадағы Maqsut Narikbayev University-де "Public Library" атты қоғамдық кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мінбердегі бірінші залда қазақ тіліндегі әдебиеттер, қазақ авторлары, әлемдік бестселлерлердің қазақ тіліне аудармалары, сондай-ақ Қазақстан туралы шет тілдеріндегі әдебиеттер орналасқан.
"Жалпы кітап адамның ішкі дүниесінің, ой-өрісінің білімін кеңейтіп, мұқтажын қанағаттандыратын рухани азығы болып қала бермек. Ал қоғамның әл-ауқаты, даму деңгейі білімге тікелей байланысты. Қазіргі саяси-экономикалық жарыста көш бастап, әлемдік аренада жетекші орын алу үшін – қоғамға рухани жаңғыртатын, білім мен ғылымға қолайлы орта ұсыну керек", - деді Maqsyt Narikbayev University Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Ашылу салтанаты Астана Халықаралық қаржы орталығының сот өкілдері мен Халықаралық төрелік орталығының қазіргі төрағасы Томас Крюммель мырзаның және бұрынғы төрағасы Барбара Доманн ханымның ресми сапары аясында өткізілді. Жиын соңында Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Томас Крюммель IAC-тағы коммерциялық дауларды шешу үшін арбитраждың артықшылықтары туралы айтып берді. Ал Доманн ханым 2022 жылғы Халықаралық төрелік орталығының төрелік және медиация ережелерінің новеллалары туралы тыңдаушыларымен бөлісті.
Айта кетсек, Public Library кітапханасы Maqsyt Narikbayev University-дің негізгі кіреберісіндегі холлда орналасқан. Оған кез келген Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары келе алады.