Енді елорда тұрғындары мен қала қонақтары қоғамдық көлікте жолақысын арнайы картасыз төлей алады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
"Астана LRT" көліктік компаниясында белгілі болғандай, енді жолаушылар жолақысын SENIM мобильді қосымшасының көмегімен қоғамдық көліктердегі QR-кодтарды сканерлеу арқылы төлей алады.
"Мобильді қосымшада QR-кодтарды сканерлеуге арналған тиісті тетік қарастырылған. Сондай-ақ, қосымша жолақысын кез келген банк картасы арқылы төлеуге мүмкіндік береді", – делінген "Астана LRT" ЖШС-нің хабарламасында.
Еске салайық, бүгінгі таңда Астананың қоғамдық көлігінде жолақысын SMS/QR-код арқылы төлеудің бірнеше әдісі бар: Жолақысын QR-код арқылы төлеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымшалар:
1) Homebank (тек HalykBank және Qazkom карталары үшін);
2) SMSBUS (жолақысын теңгеріммен, сондай-ақ, кез келген банк картасы арқылы төлеуге болады);
3) My Beeline (Beeline абоненттері үшін, төлем теңгеріммен жүзеге асырылады);
4) OYBY (төлемді ForteBank картасымен ғана емес, кез келген банк картасы арқылы жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге, OYBY (Ойбай!) қосымшасы үшін автобус салондарында QR-коды бар жеке жапсырмалардың ұсынылатындығын айта кеткен жөн).
Жолақысын теңгерім арқылы төлеу үшін (SMS-ты 2505 қысқа нөміріне жіберу керек): Activ/Kcell, Beeline абоненттері үшін қолжетімді.