"Астана Тазалық" ЖШС коммуналдық техникасы қысқы маусымға толығымен дайын. Бүгінгі күні көктайғақтан сақтану үшін қалада 28 мың текше метр құм аралас тұзды қоспа мен 1100 тонна реагент әзірленді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Қыс кезінде елорданың автожолдарында көктайғақ болдырмау үшін қажеттілігіне қарай күн сайын екі ауысым бойынша реагент себіледі.
Мекеменің мәліметінше қалада пайдаланып жатқан реагент барлық талаптарға сай. Тауар ҚР қауіпсіз химиялық өнім туралы заңына сәйкес келеді, химиялық қауіпсіздік туралы сертификақа ие.
"24 қазаннан бастап 3 қаңтар аралығында елорда көшелеріне шамамен 11,3 мың текше метр тұз бен құм аралас қоспа себілді. Оның ішінде бірінші қаңтарда 233 м3 қоспа пайдаланылды. Бүгінгі күні көктайғақтың адын алу үшін көктайғаққа қарсы 60 тонна реагент қолданылды", - дейді мекемеден.
Аталған жұмыстарды істеуге 74 арнайы техника мен үш жүзден астам жұмысшы жұмылдырылды.
Бұдан бөлек қала көшелері мен алаңдарын тазалаудың тиімді әрі үздіксіз жүзеге асыру мақсатында сағат 06:00 мен 15:00 аралығында әрі қажет болған жағдайда 17:00-ге дейін ұзартылған кестеге сәйкес қолмен тазарту жұмысы жүргізіледі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта "Астана Тазалық" ЖШС 222 көшені механикамен, ал 116 көшені қолмен тазартады. Қысқы тазарту жұмысына барлығы 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.