Астанада қоғамдық көлік картасының сатылымы үш есеге артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат "Астана LRT" ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компанияның хабарлауынша, 2018 жылдың мамыр айында арнайы кассалар мен RTVM-терминалдар арқылы 9 169 көлік картасы сатылған еді. Маусым айында бұл көрсеткіш 31 112-ге артты. Сондай-ақ, шілде айының алғашқы аптасында астаналықтар 18 514 дана көлік картасын сатып алған. Орташа есеппен, көлік карталарының 60% астамы RTVM-терминалдар арқылы сатылуда.
Астана LRT қалада көлік карталары сатылатын 6 арнайы касса мен 30 терминал бар екендігін еске салды. Бұл орындарда көлік картасын толтыруға болады. Одан бөлек, Qiwi-терминалдар арқылы төлем жасауға болады. Жақын уақытта www.transcard.kz сайты және kaspi.kz интернет-банкингі арқылы онлайн-төлем жүйесі қолжетімді болмақ.
Кассалар мен терминалдардың толық тізімі мен мекенжайы "Астана LRT" сайтында көрсетілген.
Бұған дейін Астанадағы қоғамдық көлік жолақысының 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап қымбаттайтыны хабарланған еді.