Астанада өткен "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көлік басқаруға құқығы жоқ немесе жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рөлге отырған 185 адам анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, рейд кезінде жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылған. Тексеру барысында мас күйінде көлік жүргізу, қауіпті маневр жасау, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілер өткелінен өту талаптарын бұзу сияқты заң бұзушылықтар бақылауға алынды.
– "Қауіпсіз жол" іс-шарасы кезінде көлік басқаруға құқығы жоқ болса да рөлге отырған 185 адам анықталды, – деді Нұрлан Уваев.
Полиция мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.
Айта кетейік, 25 тамыздан бастап "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне еніп, жүргізушілерге қойылатын талаптар мен бірқатар құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі.