Астанада көліктерді эвакуациялау енді ақылы болады

95

Эвакуация құны 3 АЕК-ке тең. 

Астанада көліктерді эвакуациялау енді ақылы болады Фото: gov.kz

Елордада жол ережесін бұзғаны үшін көлік құралдарын ақылы эвакуациялау жүйесі енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мәліметінше, бүгіннен бастап Астанада арнайы эвакуаторлар жұмыс істеп, ереже бұзған жүргізушілердің көліктерін коммуналдық тұрақтарға жеткізеді. Бұл шешім көлік жүйесін кешенді дамыту аясында қабылданған. Себебі дұрыс қойылмаған көліктер жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіріп, қауіпсіздікке әсер етеді.

Орталық директоры Марат Садуовтың айтуынша, тұрақ және аялдау ережелерін бұзу көшелердің өткізу қабілетін 50 пайызға дейін азайтады. Бұл өз кезегінде кептеліске себеп болып, қозғалысты шектейді. Бүгінде елордада келіп-кететін көліктерді қоса есептегенде 600 мыңнан астам автокөлік бар. Автоматтандырылған жүйелер күн сайын екі мыңнан астам осындай құқықбұзушылықты тіркейді.

Мәслихат шешіміне сәйкес, ең алдымен жаяу жүргіншілер өткелдерінде, тротуарларда және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарда дұрыс қойылмаған көліктер эвакуацияланады. Мұндай бұзушылықтар жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Эвакуация адамдар көп шоғырланатын, тыйым салу белгілері орнатылған және қозғалысқа кедергі келтіретін аумақтарда жүргізіледі.

Процесс толық цифрландырылған: арнайы жүйелер құқықбұзушылықты тіркеп, мәліметтерді полицияға жібереді. Кейін көлік иесіне eGov Mobile арқылы хабарлама жолданып, шешім қабылданады. Эвакуация туралы қаулы полиция қызметкері тарапынан цифрлық сервистер арқылы рәсімделеді. Егер жүргізуші құқықбұзушылықты сол жерде түзесе, көлік эвакуацияланбайды, тек әкімшілік шара қолданылады. Ал көлігін таппай қалған жүргізушілер 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарласып, ақпарат ала алады. Көлікті қайтару үшін полиция департаментінің әкімшілік тәжірибе бөліміне жүгініп, рұқсат алып, арнайы тұрақтан алып кетуі қажет. Эвакуация құны 3 АЕК-ке тең, ал тұрақ ақысы бөлек төленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу