Астана қаласы әкімдігінің "Кәсіптік-техникалық колледжі" ШЖҚ МКК базасында түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтік серіктестік аясында кең көлемді кәсіби бағдар беру шарасы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі іс-шараға Rixos және Sheraton қонақ үйлері, Allur Auto Astana, Subaru Motor Astana, Porsche Centre Astana сияқты автосалондар, сондай-ақ Vector Service, Welding Company, On Green Technology, Стройбат LUXE, Алкон+, Астана Тазалық сынды өндірістік және сервистік компаниялар қатысып отыр", – деді ұйымдастырушылар.
Жәрмеңкеде электромонтер, электрогазбен дәнекерлеуші, автомобильдің электр жабдықтарын жөндеу электригі, техник-механик, жол-құрылыс машиналарының машинисі, кондитер және аспаз секілді сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды.
Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Омарбек Тілеубаевтың айтуынша, биыл 237 студент бес мамандық бойынша оқуын аяқтады.
"Олардың барлығы – жұмысшы мамандық иелері: автослесарь, автоэлектрик, электрик, дәнекерлеуші, тігінші және аспаз. Барлық студенттер мемлекеттік емтиханнан сәтті өтіп, өз бағаларын алды. Енді біз олардың жұмысқа орналасуына көмектесуді көздеп отырмыз", – деді ол.
Мамандардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер тек жұмысқа орналасуға септесіп қана қоймай, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, оқыту жүйесін дамытуға және мамандар даярлау сапасын арттырады.