Былтыр тоннасы 9-11 мың теңге болған көмір биыл 15-17 мың теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды abctv.kz.
Ал энергетика министрi Қанат Бозымбаев көмір бағасының күрт қымбаттауына делдалдар мен алыпсатарлар кінәлі деп тапты. Министрдің мәлімдеуінше, кеніштерде көмірдің тоннасы 2-5 мың теңге тұрады. Халыққа жеткенше баға бір емес, бірнеше есе өседі. "..Көмiр бағасы сұраныс пен ұсыныс негiзiнде қалыптасады. Өндірушілер көмiрдің тоннасына 2-5 мың теңге сұрайды. Тұтынушыға жеткенге дейiн бағаның шарықтап кетуіне темiржол тарифi мен жеткiзушiлердің маржасы әсер етеді...", – дедi Қанат Бозымбаев
Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Азамат Рашитов елордадағы көмір бағасының құнына қатысты төмендегідей пікір білдірді. "Сұйық отынның қымбаттауы, темір жол тарифінің 25%-ға ұлғаюы көмір құнының құбылуына әкеліп соқтырды. Бізде көмір бағасын реттеу құқығы жоқ, десекте ірі кен орындарымен келісімшарт жасап, халықтың қалтасын қақпаудың амалдарын қарастырып жатырмыз", – деді ол.
Бөлім басшысының мәліметінше, Астанада көмір сататын нүктелердің саны 20-ға жетпейді. Олардың барлығы нарық заңымен өмір сүреді.