Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы коммуналдық шығындарды төлеу үшін берілетін әлеуметтік көмек ұсынады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы мәслихатының 2014 жылғы 27 маусымдағы № 250/36-V шешімімен бекітілген "Астана қаласының жекелеген азаматтар санаттарына әлеуметтік көмек көрсету" қағидасына сәйкес, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соларға теңестiрiлген тұлғаларға Астана қаласында тіркелген және тұрғылықты тұратын азаматтарға коммуналдық қызметтердi, тұрғын үйдi ұстауға, телефонға абоненттiк төлемдердi төлеуге ақшайлай төлемдер бір жылға тағайындалады және өтініш берген айдан бастап ай сайын төленеді.
Әлеуметтік көмек алу үшін жеке куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі); ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдік куәлігі (түпнұсқасы және көшірмесі); мекен-жай анықтамасы; жеке есеп шот ашу хабарламасы немесе келісім шарт қағазын ( 20 санды нөмірмен) (түпнұсқасы және көшірмесі) ұсыну қажет.