Астанада көпбалалы аналар митингіге шықты

2632

Митингіге шыққан аналардың кейбірі кеше қайтыс болған балалардың ата-анасы сияқты түнде жұмыс істеуге мәжбүр екендерін жеткізді.

Астанада көпбалалы аналар митингіге шықты

Астанада өрт салдарынан бес бала қайтыс болғаннан кейін, өмір сүру жағдайын жақсартуды талап еткен 50-ге жуық көпбалалы ана рұқсат етілмеген митингіге шықты, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан. 

Елордадағы Көктал-1 тұрғын алабында болған өрт салдарынан бес бала қайтыс болған еді. Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған. Бұл жантүршігерлік жағдай жұртты дүр сілкіндіріп, баспананың жоқтығы, балабақша кезегі, жәрдемақының аздығы секілді әлеуметтік мәселелерді қозғауға түрткі болды.

Сәрсенбі күні өткен рұқсат етілмеген митингіде негізінен тұрғын үй мәселесі көтерілді.

"Мен 2007 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұрмын, 12 жыл өтті, әлі баспанаға қолым жеткен жоқ. Береміз деп уәде береді, алайда әлі күнге дейін ала алмай жүрміз. Ай сайын баспанаға 50 мың теңге төлеймін, оған қоса үйді жылыту үшін көмірге қанша ақша төлеймін. Неге мемлекет көп балалы аналар үшін жеңілдік жасамайды? Егер мемлекет ай сайын 50 теңге төлеп, кейін меншік құқына өтетін үй берсе, 50 мың теңгені қуана-қуана төлейтін едім ғой", – деді митингіге қатысқан алты баланың анасы Үрзада Уаисова. 

Митингіге шыққан аналардың кейбірі қайтыс болған балалардың ата-анасы сияқты түнде жұмыс істеуге мәжбүр екендерін жеткізді.

Сонымен қатар әйелдердің дені қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқандарын, пеш жағатындарын айтты. Олар тұрғын үй мәселесін шешу бойынша мемлекеттік органдарға бірнеше рет шағымданғанғандарын айтады. Өйткені мемлекеттен алатын жәрдемақысы үй алуға ақша жинауға және қауіпсіз жағдайда өмір сүруге жетпейді. 

Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева Интерфакс-Қазақстанға  рұқсат етілмеген митингі әкімдік жанында басталғанын, алайда бүгін Астанада қатты аяз болғандықтан, оларды жақын тұрған ғимаратқа кіргізуге шешім қабылданғанын айтты. 

"Олар далада тұрды, мынадай аязда далада тұрғызып қоя алмадық, "Астана" концерт залына кіргізіп, құрылымды сұхбат жүргізілді", – деді Э. Жүргенбаева.

Тап қазіргі уақытта митингіге шыққандармен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев әңгімелесіп жатыр.

"Ол барлығын жазып алып, сол жерде азаматтарды қабылдап жатыр", - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу