Астанада көркем гимнастика орталығының ашылу рәсімі өтіп, ресми түрде қолданысқа берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Енді көркем гимнастика талаптарына толықтай сай кешенде гимнастшылар жаттығуларын өткізіп, шеберліктерін шыңдайды.
Осыған дейін қалада тиісті талаптарға сай келетін ғимарат болмаған. Бұл мәселені шешу үшін Тәуелсіздік сарайынан уақытша орын берілген. Енді көркем гимнастика талаптарына сай келетін жаңа орталықта емін-еркін дайындалуға болады.
Жас спортшылар осыған дейін жаттыққан Тәуелсіздік сарайында жөндеу жүргізіліп, балалар жарыстарға дайындықты әртүрлі жерде өткізуге мәжбүр болған еді. Енді Астанадағы балалар мен жасөспірімдер осы орында алаңсыз дайындала алады.
Орталықтың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебіннің директоры Сайранбек Әбілқайыр қатысты.
Қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Сәбитұлы өз сөзінде мектеп ұжымын және жаттықтырушыларды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Айта кетейік, бұл орталықтың ғимараты жалға алынған.