Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша қаланың екі тұрғынына қатысты істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Істің мән-жайынан белгілі болғандай, екі ер адам тұрғын үйдің кіреберісінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
"Құқық бұзушы С.-тың айтуынша, көршісі Б. сағат 22.00-ден кейін бірнеше рет негізсіз тыныштықтық сақтауды талап етіп, жұбайына қатысты әдепсіз сөз айтқандықтан, ол бұл әрекетті агрессия жағдайында жасады. Ол кінәсін мойындап, өкініш білдірді әрі жәбірленуші тараппен татуласқысы келетінін айтты. Ал құқық бұзушы Б. өз кезегінде көршісі С.-ның сағат 22.00-ден кейін тыныштықты бірнеше рет бұзып, есірткі заттарын тастап кетемін деп қорқытқанын айтты. Ол кінәсін мойындамады, өзінің тарапынан қоғамдық тәртіпті бұзу болмағанын, былапыт сөздер айтпағанын және көршісі С. жанжалдың бастамашысы болғанын жеткізді", – делінген хабарламада.
Екі тұрғын да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.