"1000 орын. Көше саудасы" бағдарламасының қатысушылары "Жақсылық жасайық" акциясын жариялады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
"1000 орын. Көше саудасы" бағдарламасы аясында орнатылған сауда павильондарының иелері "Жақсылық жасайық" акциясын бастады. Сауда павильондарында қалалықтарға ыстық шай және бауырсақ таратылды.
"Осы акция арқылы біз қала тұрғындарын жақсылық жасауға үндеп, бір-бірімізге немқұрайлы қарамай, аязды күндері жылылық сыйлауға шақырғымыз келеді. Біздің бастамамызды басқа да кәсіпкерлер қолдап, қаламызда жақсылық жасауға құштар жандардың саны артады деген ойдамыз", – дейді "1000 орын. Көше саудасы" жобасының басшысы Сәкен Әділбеков.
Бұған дейін хабарланғандай, қалада 24-25 желтоқсанда ауа температурасы -30 °С төмен болады. Қала тұрғындары осы аязды күндері бір-біріне көмек жасауға жұмылды. Көлік жүргізушілері адамдарды тегін жеткізіп, ал кәсіпкерлер ыстық шай мен бауырсақ таратып, жылынуға мүмкіндік жасап жатты. "Astana LRT" компаниясы автобус аялдамаларында жылыту пункттерін ұйымдастырды. "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы "Жақыныңа жылылық сыйла" акциясын бастады. Орталық қызметкерлері мен еріктілер адамдар көп жиналатын орындарда ыстық шай таратуда.