"Астана жастары" жастар ресурстық орталығының еріктілері "Игі істер марафоны" мен "Таза Қазақстан" акциясына қолдау білдіріп, қарт кісілер тұратын үйлердің ауласын қардан тазартты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қала тұрғындарына қар күреуге көмектесу үшін "Астана жастары" ММ-нің 100-ге жуық еріктісі қатысты.
"Бүгін біз елорда көшелеріне жаппай шықтық, басты мақсатымыз – игі істермен айналысу. Көшелердің қарын күреп қана қоймай, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көмекке зәру жандарға аулаларын тазалауға көмектестік. Еріктілердің бірлігі мен белсенді жұмысының арқасында жылдам әрі сапалы орындадық", - дейді волонтер Нұрислам Болатұлы.
Байқоңыр ауданының жеке секторында еріктілер қарттар мен мұқтаж тұрғындарға аулаларын қардан тазалауға көмектесті.
"Көмек көрсетуге келген еріктілердің көптігін көргенде таң қалдым. Қалың қар жауғаннан кейін бұл көмек ерекше жәрдем болды. Осы игі акцияның барлық қатысушысына шын жүректен алғыс айтқым келеді", - деді астаналық Светлана Винарская.
Мұндай бастамаларға "Астана жастары" волонтерлері үнемі қатысады. Биылғы қыстың өзінде олар 60-тан астам ауланың қарын тазалап, қарттарға, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесті.