Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 5 мыңнан астам шетелдік жауапкершілікке тартылған

638

Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 5 мыңнан астам шетелдік жауапкершілікке тартылған.  

Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 5 мыңнан астам шетелдік жауапкершілікке тартылған

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында Астана қаласының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұхамбет хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Жыл басынан бері Астана қаласында 29 мыңнан астам шетелдік азамат тіркелген. Оның ішінде 4 мың Ресей азаматы бар. Осылайша есептік кезеңде қабылданған шаралардың нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 5 мыңнан астам шетел азаматы жауапкершілікке тартылды. Елден 867 адам шығарылды. Шетелдіктерді шақырған және олардың елде болу ережелерін сақтауын қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке 1083 азамат тартылды", - деді басқарма бастығы.

Арман Робертұлының айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 93 жұмыс беруші жауапқа тартылған. Бұдан бөлек тіркеу және құжаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 2866 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Спикер шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті екенін атап өтті. Бұл хабарлама шетелдік азамат келген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде берілу керек. Қабылдаушы тарап аталған мерзімді өткізіп алса немесе көшіп келуші туралы ішкі істер органдарына хабарламаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 518-бабына сәйкес жауаптылыққа тартылады. Заңды тұлғалар үшін 10-нан 25 АЕК-ке дейін, қайталанған жағдайда 100 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғалар үшін ескерту түріндегі жаза, ал қайталап бұзғаны үшін 30 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.

Айта кету керек, шетелдікті қабылдаушы тарап олардың келуі туралы хабарламаны 3 тәсіл арқылы бере алады: жеке және заңды тұлғалар көшіп келушінің келгені туралы визалық және көші-қон порталы арқылы (vmp.gov.kz немесе egov.kz); өз ауданы бойынша Ішкі істер органдарының көші-қон қызметінің бөлімдері мен бөлімшелері арқылы; "eQonaq" ақпараттық жүйесі арқылы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу