Астанада креативті индустриялар мен технологиялар саласында жобаларын дамытып жүрген кәсіпкерлер, креаторлар мен шығармашылық командаларға арналған акселерациялық бағдарлама іске қосылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Креативті индустрияларды дамыту қоры" корпоративтік қоры MOST Business Intelligence компаниясымен бірлесіп ұйымдастыратын Creative Shift бағдарламасы жобаларды дамытуға және масштабтауға қажетті практикалық құралдарды ұсынады.
Акселерация екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең аясында өңірлік буткемптер Алматыда 21 қыркүйекте, Шымкентте 5 қазанда және Астанада 19 қазанда өтеді. Екінші кезең елордада жеті күндік офлайн менторлық сессия форматында ұйымдастырылады.
Бағдарлама төрт бағытты қамтиды. Олар – аудиовизуалдық өнер, музыка және сахна, визуалды және қолданбалы өнер, әдебиет, медиа және жасанды интеллект.
Қатысушылар бизнес-модель құру, монетизация, жобаны ілгерілету, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, дистрибуция және инвестиция тарту бағыттары бойынша тәжірибелік білім алады.
Бағдарламаға қатысу шарттары мен өтінім беру тәртібі "Қолдау шаралары" бөлімінде жарияланған. Қатысу үшін QazaqCreative платформасында тіркелу қажет.