Республика күніне орай астаналық куберлер "Mega silk way" сауда-ойын сауық орталығында мемлекеттік ту мен Қазақстан картасының бейнесін рубик текшелерінен құрастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көрерменнің айтуынша, креативті жоба ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Салмағы 500 келі болатын картинаны куберлер 6 сағатта құрастырды. Республикалық спидкубинг федерациясының мүшелері жастар мен балаларға шеберлік сабағын ұйымдастырды.
“Республика күніне орай MEGA SILK WAY сауда, ойын-сауық орталығының ұсынысын қабыл алып, Қазақстан картасында орналасқан еліміздің туын рубик текшелерімен жинаймыз деп шештік. Барлығы алты жігіт қатысты. Біздің мақсатымыз - Қазақстанда спидкубинг спортын дамыту және еліміздің туын, елге қатысты басқа да суреттерді құрастыру арқылы көрерменнің патриоттық сезімін арттыруға ат салысу”, – еді Республикалық спидкубинг федерациясының мүшесі Шыңғыс Қайырылбаширов.
“Бізге қатты ұнап жатыр. Жастардың талантына, осындай рухты көтерертін дүниелер жасауға талпынысына тәнті болдық”, – деді қала тұрғыны Гүлзима Ибрагимова.