Астанада құрақ көрпе стиліндегі экологиялық шырша қайта орнатылды

247

Елордадағы Нұржол бульварында 4 жылдан кейін құрақ көрпе үлгісінде жасалған экологиялық шырша қайта тігілді. Биыл жоба тоқыма ойыншықтармен толықтырылды.  

Астанада құрақ көрпе стиліндегі экологиялық шырша қайта орнатылды Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Астананың орталығындағы Нұржол бульварында құрақ көрпе стилінде жасалған экологиялық шырша қайта орнатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Әлеуметтік әрі мәдени маңызы бар бұл бастама қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып отыр. Биыл жоба аясында шырша тоқыма ойыншықтармен безендірілді.

Жобаны "Шеберлік жолы" қоғамдық қоры жүзеге асырып келеді. Қор басшысы әрі бастаманың авторы Рахима Мұқышева бұл жоба алғаш рет 2020 жылы қолға алынғанын айтады.

– Құрақ көрпе стиліндегі шырша алғаш рет 2020 жылы жасалды. Ол кезде жобаға 200-ден астам адам қатысқан. Биыл тұрғындардың сұранысына байланысты бастаманы қайта жаңғырттық, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл 50-ден астам ерікті екі күн ішінде 100-ден аса тоқыма ойыншық дайындаған. Қатысушылардың басым бөлігі тоқуды алғаш рет үйреніп, жұмысты нөлден бастаған.

Жоба ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Оған әжелер, ата-аналар, жастар мен балалар бірлесе қатысқан. Ең жас қатысушы – 6 жаста, ал ең үлкені – 70 жаста.

Қатысушылардың бірі Зейнолла Әсем тоқудың әлеуметтік мәніне ерекше тоқталды.

– Тоқу – мен үшін жай ғана хобби емес. Бұл – адамдарға жылу мен мейірім сыйлайтын іс. Осындай жобалар арқылы еңбектің және ізгіліктің құндылығын көрсеткім келеді, – дейді ол.

Айта кетейік, құрақ көрпе стиліндегі шырша бұған дейін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударған. Ұйымдастырушылар бұл экологиялық әрі әлеуметтік бастама алдағы жылдары да жалғасын табатынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу