Астанада құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігі бақылауы күшейтіледі

382

Елордадағы екі қайғылы оқиғадан кейін құрылыс компанияларына жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесі қаралады.  

Астанада құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігі бақылауы күшейтіледі Фото: gov.kz

Астанада құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мемлекеттік органдар мен құрылыс саласының өкілдері қатысқан кеңесте айтылды.

Елордада мұнаралы крандардың құлауына байланысты екі жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алған. Қазір әрбір оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін айтты. Құрылыс компанияларына профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген.

"Біз құрылыс компанияларына профилактикалық жұмыстар жүргіздік, ескерту жасадық, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт бердік. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарын елемегендер жауапкершіліктен жалтара алмайды", – деп мәлімдеді Ербол Тұяқбаев.

Кеңес қорытындысымен Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне заңнамаға сәйкес құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесін қарау тапсырылды. Бұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

Сондай-ақ жазатайым оқиғалар мен кемшіліктер қайталанатын ұйымдардың жұмысы жеке талданады. Инспекторлар бұрынғы тексерулер барысында анықталған бұзушылықтардың толық жойылған-жойылмағанын тексермек.

Ербол Тұяқбаев өндірістегі оқиғаларды тек "адами факторға" жаба салуға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жұмысшы қателік жіберген жағдайда оның себептері, оқыту деңгейі, құрал-жабдықтың жарамдылығы, бақылаудың ұйымдастырылуы және технологиялық талаптардың сақталуы жан-жақты қаралуы керек.

Талаптарды жүйелі түрде бұзатын ұйымдарға ерекше назар аударылып, оларға қатысты қатаң шаралар қолданылуы мүмкін. Оның ішінде құрылыс қызметіне берілген лицензияны уақытша тоқтату немесе қайтарып алу мәселесі де қаралады.

"Құрылыс компаниясының басшысы нысанның қанша пайызы орындалғанын, оны тапсыру мерзімдері мен қаржылық көрсеткіштерді ғана біліп қоймауы керек. Ол бүгін құрылыс алаңында қандай қауіп-қатерлер бар екенін және онда жұмыс істейтін әрбір адамның аман-есен үйіне оралуы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын қадағалауға тиіс", – деп мәлімдеді Ербол Тұяқбаев.

Еңбек министрлігінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету формалды талап немесе қосымша шығын ретінде қарастырылмауы керек екені атап өтілді. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда мемлекет тарапынан заңнамада көзделген бақылау шаралары толық көлемде қолданылатыны айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу