Астанада құрылысы ұзаққа созылған нысандардың мәселесі қалай шешіліп жатыр?

524

Елорда әкімі үлескерлермен кездесті.

Астанада құрылысы ұзаққа созылған нысандардың мәселесі қалай шешіліп жатыр? Фото: gov.kz

Астана қаласының әкімі Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған нысандардың мәселесі қалай шешіліп жатқанын мәлім етті, деп жазады Inbusiness.kz.

"Қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды тұрақты түрде аралап тұрамын. "Мирный дом", "Алтын бұлақ", "Зере 2" тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездестім. Мұндай проблемалы нысандарда бәрін жан-жақты бақылау өте маңызды.

Осыған дейін айтқанымдай, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жағдайы әртүрлі. Мәселен "Мирный дом" тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалы деп танылған, нысанды тапсыру кезінде құрылысы тіпті басталмаған еді", деп жазды әкім.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр: құрылыс қарқынын арттыру бойынша да, инженерлік желілер бойынша да, сол сияқты құжаттарын ретке келтіру және т.б. Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Онда шамамен 4 мың үлескер отбасы бар. Бұл үйлердің бір бөлігі аяқталды.

"Құрылысы ұзаққа созылатын жаңа нысандардың және проблемалы үлестік құрылыстардың пайда болуына жол бермеу өте маңызды.

Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын белгілі бір қатаң жағдайларда ғана қабылдай алады: тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын қабылдау.

Қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу үшін әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ жосықсыз құрылыс салушылардың тізімі жүйелі түрде жарияланып тұрады", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу