Іс-шараға әскери бөлім қолбасшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты, деп хабарлайды inbusines.kz сайты.
Әскерге шақырылушылар бір ай ішінде жас жауынгер курсынан өтті. Олар әскери бөлімнің тарихымен және жауынгерлік дәстүрлерімен танысты. Жарғыларды, әскери техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, саптық және атыс дайындығының негіздерін зерделеді. Алғашқы атыстарды орындады.
Ант берген әскери қызметшілерді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтады.
"Ант қабылдау - патриоттық маңызға ие ерекше рәсім. Сіздер алғашқы күннен әскери істің негіздерін игердіңіздер. Алдағы бір жыл уақытта жауынгерлік дағдыларға ие болып, мінездерің қалыптасады. Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Өз жетістіктеріңізбен туыстарыңыз бен жақындарыңызды қуанта беріңіздер. Олар сіздерді мақтан етсін. Отан игілігі үшін лайықты қызмет ете беріңіздер!", - деді ол.