Елорда аудандарында жаңа мұз айдындары мен сырғанақтар жабдықталып, қысқы ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылады.
Қысқы серуендеуге және белсенді демалуға арналған орындар қаланың бірнеше ауданында пайда болады.
Сарыарқа ауданында Оқушылар сарайының маңында мұз айдындары ашылып, қосымша 13 мұз сырғанағы салынады. Қысқы демалыс алаңдары "Көктал" саябағында, "Оқжетпес" гүлзарында және өзге де қоғамдық орындарда орналасады.
Есіл ауданында Abu Dhabi Plaza кешенінің жанынан Astana Winter Park қысқы саябағы ашылады. Оның басты ерекшелігі – ұзындығы 1,4 шақырым болатын мұз жолы. Мұз жабынының жалпы аумағы шамамен 6 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілер шеңбер бойымен ғана емес, ұзын мұз дәлізімен де сырғанай алады.
Демалушылар үшін жылы павильондар, коньки жалға беру орындары, отбасылық демалыс аймақтары мен сәндік жарықтандыру қарастырылған. Арнайы салқындату жүйесі ауа температурасы көтерілген кезде де мұз айдынының жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сарайшық ауданында "Қазақ елі" алаңында мұз айдынын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Жүргенов көшесінде және Президенттік саябақта тағы екі мұз айдыны жабдықталады.
Алматы ауданындағы Triathlon Ice Park аумағында да қысқы демалысқа арналған орын дайындалып жатыр. Триатлон саябағында көлемі 1 200 шаршы метр болатын заманауи мұз айдыны салынады. Арнайы тоңазытқыш құрылғылары мен мұзды сақтау технологиясы оның күн жылыған кезде де жұмысын жалғастыруына жағдай жасайды.
Мұнда коньки жалға беру қызметі, жылынып демалатын орындар, ыстық сусындар мен тамақтану нүктелері болады. Кешкі уақытта сәндік жарықтандыру мұз айдынының көркін ашады.
Сонымен қатар Алматы ауданында "Құмыра" аумағында, "Жерұйық" және "Жастар" саябақтарында да қысқы демалыс алаңдары ашылады.
Байқоңыр ауданында "Ататүрік" саябағы мен "Жастар" сарайының маңында мұз айдындары дайындалады. Өндіріс, Кірпішті, Қазқалашық тұрғын алаптары мен Қоянды саяжай алабында да сырғанақтар орнатылады. Жалпы, ауданда тоғыз демалыс орны қамтылмақ.
Нұра ауданында қысқы демалыс алаңы "Астана Арена" стадионының жанынан ашылады.
Қазір қаладағы қоғамдық кеңістіктерді қысқы маусымға әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи мұз құю жұмыстары ауа температурасы төмендеген соң басталады. Қосымша демалыс орындары мен олардың ашылу мерзімі туралы ақпарат дайындық аяқталған сайын жарияланады.
Осылайша, биыл қысқы демалыс орындары елорданың орталығымен шектелмей, шеткі аудандар мен тұрғын алаптарды да қамтиды. Бұл тұрғындарға алысқа бармай-ақ, үйінің маңында коньки теуіп, таза ауада демалуға мүмкіндік береді.