Бүгін Астанада ел экономикасының дамуына тың серпіліс беретін айтулы оқиғалардың бірі болды. Қытай мемлекеттік даму банкі Қазақстанда алғаш рет өз өкілдігін ашып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дами түсетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетерлігі, шараға "Астана" халықаралық қаржы орталығы басшысы Қайрат Келімбетов, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қытай мемлекеттік даму банкінің атқарушы вице-президенті Лю Цзинь және т.б. қатысты.
Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Қытай мемлекеттік даму банкі өкілі Лю Цзинь Қазақстан мен банк арасындағы экономикалық қарым-қатынастың қалай өрбігенін атап өтті. "Алғаш рет 2005 жылы біз Қазақстанға жұмыс тобын жіберген едік. Осылайша, 2006 жылы "Мойнақ СЭС" жобасына қаржы құйдық. Бұл біз қаржылық қолдау көрсеткен ең алғашқы жобалардың бірі болған еді. Содан бастап байланысымыз үзілген емес. 13 жылдың ішінде Қытай мемлекеттік даму банкі Қазақстан Үкіметі, Қазақстандағы Қытай елшілігінің атсалысуымен түрлі мемлекеттік органдармен, қаржылық институттармен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Сонымен бірге, екі ел кәсіпкерлері де бүгінде түрлі келісімдерге қол жеткізіп отыр",-деді қытайлық банк өкілі.
Сонымен бірге, Лю Цзинь өз сөзінде Астана жайлы әсерлерімен де бөлісті. "Кеше ғана сіздердің бас қалаларыңыз - Астанада алғаш рет қар жауды. Бәріміз табиғаттың осынау ғажайып құбылысының куәсі болдық. Бір қызығы, жауған қар бүгін еріп, таң атысымен күн шықты. Қытайылықтар қардың еруіне көп көңіл бөледі, оның жақсы ырым екеніне сенеді. Сондықтан Астанадағы алғашқы қар біздің жұмысымызға сәттілік әкеледі деген ойдамыз. Сол сияқты, екі ел арасында "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында түрлі ауқымды шаралар өткізіліп жатқандығын атап өткім келеді. Қарап отырсам, Астанада өткен "Бір белдеу, бір жол" саммитінен кейін, алғаш рет шетелде ашқан өкілдігіміз – осы Астана болып отыр екен. Бұл айтулы шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан ары нығаюына өз үлесін қосады деген сенімдемін",-дейді шетелдік банк өкілі.
Айта кетерлігі, Қытай мемлекеттік даму банкі биыл ресми түрде өз жұмысын бастаған "Астана" халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) тіркелген еді. АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов қытайлық банкке біздің елге көрсеткен сеніміне алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. "Бүгін біз Қазақстанда алғаш рет Қытай мемлекеттік даму банкі өкілдігінің ресми түрде ашылуының куәсі болдық. Осы ретте, бізге сенім білдірген қытайлық әріптестеріме шексіз алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан мен Қытай үшін, "Бір белдеу, бір жол" жобасы қашан да маңызды болып қала бермек. Екі елдің көшбасшылары да аталмыш бастаманың тиімді түрде жүзеге асырылуына қолдау көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде АХҚО Биржасы акционерлерінің қатарында Шанхай қор биржасы бар. Біз қытайлық әріптестеріміздің ел экономикасына қосқан өлшеусіз үлесін қашан да жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы осындай жобалар мен бүгінгідей игі іс-шаралар болашақта да өз жалғасын табады деген ойдамыз",-деді Қайрат Келімбетов.
Ашылу салтанатында, сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те сөз алды. Ол Қытай мемлекеттік даму банкінің Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі жайлы атап өтті. "Қытай Қазақстанның қашан да сенімді серіктестігі болып қала бермек. Оған дәлел, тек 2017 жылы ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 33 пайыздан асқан. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік кеңеске 300-ге жуық компания қатысып, онда 13 миллиард АҚШ долларын құрайтын 40 құжатқа қол қойылды. Қытай мемлекеттік даму банкінің қатысуымен елімізде 32 жоба іске асырылды. Олардың қатарында энергетика, көліктік инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, қаржы секторы және т.б. сынды экономикалық маңызды салалар бар. Қытай банкінің Қазақстан экономикасына құйған жалпы сомасы, 2018 жылдың маусым айындағы дерек бойынша 20,2 миллиард долларды құрап отыр. Осы орайда, ашылуына үш айдан астам ғана уақыт өтсе де, елге инвестиция тартуда сүбелі үлес қосып отырған АХҚО-ның маңыздылығына тоқталғым келеді. Егер, екі тарап дәл осындай қарқынмен жұмыс жасаса, алдағы уақытта әлі де талай тың бастамалардың куәсі болатынымыз анық",-деді министр.
Сонымен бірге, Қытай мемлекеттік даму банкінің елордадағы өкілдігін ашу салтанаты аясында, қос тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, тараптар қаржылық және экономикалық серістестікті нығайтып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыра түспек.
Айта кетерлігі, Қытай мемлекеттік даму банкі – Қытай Халық Республикасындағы ең ірі банктердің бірі болып табылады. Ол бүгінге дейін, Орта Азияға газ құбырын тарту, Астанадағы жеңіл рельсті көлік құрылысы, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жандандыру, жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын зауыт құрылысы сынды ірі жобаларға инвестиция салған ірі қаржылық институт.
Жалпы, Астанада әлемдегі ең ірі банк өкілдігінің ашылуы – Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық ынтымақтастық қарым-қатынастарын дамытуға айрықша үлес қосатыны сөзсіз.