Астанада қызды зорлады деген күдікке ілінгендерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астанада қызға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері фактісі туралы баяндады.
"Бұл факт 17 қаңтар күні 121-баптың 4-бөлігі бойынша тіркелді. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Мен қыздың анасымен байланыстамын. Қазіргі таңда, қызбен психолог жұмыс істеп жатыр", - деп жазды Закиева.
Елордалық полицейлер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесі үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.