Астанада қызылшаның күніне 40-қа жуық жағдайы тіркеледі

605

Науқастардың ішінде қызылшаға қарсы вакцинация алғандар тек 6 пайыз.

Астанада қызылшаның күніне 40-қа жуық жағдайы тіркеледі Фото: Inbusiness.kz

Жыл басынан бері Астанада қызылшаның 576 бастапқы және 216 расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 152 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында болып отыр. Бұл туралы Астана қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова ӨКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Сархат Бейсенованың айтуынша, күніне қызылшаның 40-қа жуық жағдайы тіркеледі. Сол себепті елордадағы қызылшаға қатысты жағдай әлі де шиеленісе түсуде.

"152 науқас баланың ішінен 92 пайызы – қызылшаға қарсы вакцина алмаған балалар. Олардың ата-аналары қызылшаны жоюға қол жеткізу және қолдау жолында айтарлықтай кері ықпалын тигізуде.  Науқастардың ішінде қызылшаға қарсы вакцинация алғандар тек 6 пайыз, ал вакцинация мәртебесі белгісіз науқастар 26 пайызды құрады. Қызылшаның таралуын болдырмау үшін топтық иммунитетінің жалпы көрсеткіші бүкіл халық арасында 85-90 пайыздан кем болмауы керек екенін тағы да еске саламын", - деді Сархат Бейсенова.

Осыған байланысты, ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес вакцинация алмаған балаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

"Осылайша, 1 және 6 жаста қызылшаға қарсы егілмеген 7-18 жас аралығындағы анықталған 13 000 баланың 10 371-і иммунизациямен қамтылды, бұл 79,8 пайызды құрайды. 2023 жылы 6 қарашадан бастап қазірге дейін қосымша жаппай иммундауға жататын контингенттің, яғни 121 000 адамның 67 168 адам егілді, бұл 55,5 пайызды құрайды.  Оның ішінде: 6 айдан 10 ай 29 күндік вакцинациялауға жататын 24 000 баланың 9 363-і немесе 39 пайызы екпемен қамтылды. 2-4 жастағы вакцинациялауға жататын 78 000 баланың 41 922-сі немесе 53,7 пайызы екпе алды. Сонымен қоса, вакцинация алуға жататын 6000 медицина қызметкерінің 5512-сі немесе 91,9 пайызы екпе алды", - деді Астана қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу