Астанада LRT жақын арада іске қосылады – әкім

106

Ең алдымен, барлық станцияларға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті қойылған.  

Астанада LRT жақын арада іске қосылады – әкім Фото: Facebook Жеңіс Қасымбек

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы LRT жобасының сынақ кезеңі іс жүзінде аяқталғанын және жүйе толық пайдалануға дайын екенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қала басшысының айтуынша, қазіргі уақытта инфрақұрылымды толық аяқтау және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. LRT-ны жақын уақытта іске қосу жоспарланған. 

Жеңіс Қасымбек жаз мезгіліне арналған негізгі жұмыстарды да атап өтті. Атап айтқанда, станцияларды қаланың көлік желісімен байланыстыратын кірме жолдар салу, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, заманауи жарықтандыру жүйелерін орнату және эстакада астын абаттандыру көзделген. Бұл шаралар LRT бағыты бойында "жасыл дәліз" қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік даңғылынан "Нұрлы жол" теміржол вокзалына дейінгі аумақта жұмыстар белсенді жалғасып жатыр. Әкімдік мәліметінше, станциялар мен оларға апаратын жолдардың функционалдық дайындығы жақын арада толық қамтамасыз етіледі, ал ландшафтық-сәулеттік келбетті қалыптастыру жаз соңына дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, Ш.Қалдаяқов көшесінің Тәуелсіздік даңғылынан А62 көшесіне дейінгі 4,6 шақырым учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында жаяу жүргіншілер және веложолдар салу, автотұрақтарды абаттандыру, жарықтандыру жүйесін орнату, суару желілерін тарту және көгалдандыру қарастырылған.

Қазіргі уақытта Тәуелсіздік даңғылы жағынан асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл Ш.Қалдаяқов көшесі арқылы "Нұрлы жол" вокзалына дейін өтпелі қозғалыс кезең-кезеңімен ашылады. Ал болашақта жолды С.Шаймерденов көшесіне дейін ұзарту жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу