Бүгін Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі басталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Съезд жұмысы басталар алдында Мемлекет басшысына электронды сот төрелігінің жетістіктері, сондай-ақ Қазақстандағы сот билігінің қалыптасу тарихы туралы көрме таныстырылды. Шараға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығы, халықаралық ұйымдар, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдері шақырылды. Барлығы 600-ден астам делегат пен форум қонақтары қатысуда. Елбасы Н. Назарбаев съезге қатысушылар алдында сөз сөйлейді деп күтілуде. Президент еліміздің сот-құқық жүйесінің одан әрі дамуының басымдықтарын айқындап бермек.