Астанада мемлекеттік балабақшалар саны көбейеді

188

Енді елордада мемлекеттік балабақшалар саны көбейеді.

Астанада мемлекеттік балабақшалар саны көбейеді Фото: pchela.news

Бүгін кәсіпкерлермен кездескен қала әкімі алдағы құрылыс жоспарларымен бөлісті. Шаһар басшысымен болған дәстүрлі басқосуда 400-ге тарта бизнесмен қаржыландыру, құрылыс салаларын да сөз етіп, өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Атамекен ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен бұл кездесу биылдыққа екінші мәрте өтіп отыр. Соңғы рет наурыз айында болған басқосуда бизнесмендер көтерген 50 мәселе бүгінде шешімін тапты. Сөзден іске көшетін кездесудің нәтижесін көрген кәсіпкерлердің бүгін де қарасы қалың. Жеңіс Қасымбекпен жүзбе жүз жолығуға 400-ге жуық азамат жиналды. Бүгінгі кәсіпкерлер тарапынан көтерілген мәселенің бірі мектептегі тамақтандыру тарифін көтеру. Азық-түлік жеткізушілер бір реттік білім ошағындағы тамақтану құнын 584 теңгеден 700 теңгеге дейін ұлғайту жөнінде ұсыныстарын айтты.

"Бұл тарифті көтеру бірден көтеріле қоятын шаруа емес. Оны зерттеу керек. Экспертизасын жасау керек. Негізсгісін көтеру керек. Тамақтың құрамына байланысты бізде арнайы білім басқармасы есептеу жасап, әкімнің тапсырмасына сәйкес, көтеруді жоспарлап жатыр", - деді Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров.

Кәспіпкерлер Президент пәрменімен жүріп жатқан "Жайлы мектеп жобасын" іске асыруда отандық тауар өндірушілерді барынша тартуды сұрады. Ал шаһар басшысы бүгінде инжинерлік инфрақұрылым жағынан бас қала кенжелеп тұрғанын жасырмады. Мәселен Астанада 2017 жылдан бері бір де бір мемлекеттік балабақша бой көтермеген. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында келер жылы 11 балабақшаның құрылысы басталады.

"Елордалықтардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Қазір Астанада үш ауысымды 8 ағарту ошағы бар. Қаладағы білім ошақтарының жетіспеушілігі "Жайлы мектеп" жобасы арқылы шешімін таппақ. Келесі жаңа оқу жылының өзінде 24 білім ошағы есігін айқара ашады. Ал биыл желтоқсан айында су жаңа 10-ыншы мектеп пайдалануға беріледі",- деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ кездесуде туристерді тарту үшін әкімдікте туризм басқармасын құру туралы ұсыныс айтылды. Қауымдастық директорының айтуынша, бұл инвестиция жағынан бір қатар мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу