Астанада мемлекеттік органдар саны 30-дан 21-ге қысқарады. Бұл жайында қала әкімі Әсет Исекешев Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында айтты, деп хабарлайды Елорда инфо.
"Біз стратегиялық жоспарлау және жобалық менеджмент принциптерін енгіземіз. Сол арқылы басқарма басшысынан бастап әр қызметкер өз жұмысының нәтижесіне сәйкес жалақы алады", - деді қала басшысы Әсет Исекешев.
Сонымен, қалада мемлекеттік органдар саны 30-дан 21-ге қысқарады. Мемлекеттік функцияларды 17 басқарма мен ауданның 3 әкімдігі атқарады. Білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау, тілдерді дамыту басқармалары сақталып, жұмыстарын қалпынша істейді.
Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасының атауы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына, ал ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік сапасын бақылау басқармасына ауыстырылады.
Қазіргі мемлекеттік органдар базасында функциялар мен өкілеттіктерді тапсыру жолымен стратегиялық, бюджеттік жоспарлау және қаржы; активтер мен мемлекеттік сатып алу; құрылыс және тұрғын үй саясаты; көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту; сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары; жанармай-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық; мәдениет және спорт; қоғамдық келісім; инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту т.б. басқармалар құрылады.