Бүгін Астанадағы "Студенттер" саябағында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған мерекелік концерт болып жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ҚР Ұлттық гвардияның оркестрі және қазақстандық эстрада жұлдыздары Алмас Кішкенбаев пен Ринат Мальцагов өнер көрсетті.
Шараға ҚР Мәжілісі мен қалалық мәслихаттың депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері және генерал Нұрмағанбетов атындағы "Жас Ұлан" республикалық мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
- Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығы – әрбір қазақстандық үшін аса маңызды мереке. Әрқайсымыздың бойымызда патриоттық сезім бар. Сол себептен рәміздеріміз тек: спорттық жарыстардың жеңіс тұғырларында, саяси жетістіктерде, даңқты орындарда ғана көрінгенін қалаймыз. Бұл айтулы датаның әсіресе жастар үшін орны ерекше. Отанға деген сүйіспеншілік олардың әрқайсының бойында болуы тиіс. Ал Отан, патриотизм және мемлекеттік рәміздер ұғымы бір-бірімен тығыз байланыста, - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.
Сонымен қатар, спорттық автомобильдер жарысы басталады. 25 спорткар Елорданың сол жағалауында: Кажымұқан – Тәуелсіздік – Сарайшық-Қошқарбаев – Достық – Қабанбай батыр – Сарайшық – Шалқыма – Тәшенов бағыттары бойынша жүріп өтіп, Қазақ Елі монументінің алдына "25" саны пішінінде келіп тоқтады.
- Мемлекеттік рәміздер – еліміз бен ұлтымыздың бет-бейнесі. Жастар осыны естен шығармауы тиіс. Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабыданғанына 25 жыл әрі бұл мереке бүгінде ерекше сипатқа ие. Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың тарихы жайында кеше қала тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік. Шараға 200-ге жуық адам қатысып, олардың 85% жуығы қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берді. Бұл жоғары көрсеткіш деп есептейміз, - дейді Астана қаласы жастар мәслихатының депутаты, "Нұр Отан" республикалық партиясының "Жас Отан" жастар қанатының мүшесі Дана Көбенова.