Астанада меморгандар жемқорлыққа жол ашатын 70 түрлі жасырын қызметті көрсетеді

1199

Астанада меморгандар жемқорлыққа жол ашатын 70 түрлі жасырын қызметті көрсетеді

Бүгінде мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнаманың кемшін тұстары көп. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері осыны пайдаланып, сан алуан "ережелерді" ойдан соғып, жасырын қызметтерді көрсетіп жатады, деп xабарлайды "ҚазАқпарат".

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мамандары мемлекеттік қызметтерді реттейтін заңнаманы зерделеу кезінде 67 олқылық пен бір-біріне қайшы келетін тұстарды тапты. Ал елордадағы мемлекеттік органдар заңның осы бір кемшін тұсын пайдаланып, 70 жасырын қызметті көрсетуде.

"Жасырын қызметтер жер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, көші-қон, тұрғын-үй, қорғаныс пен сәулет басқарамаларында анықталды. Аталған органдарда жұмыс істейтін қызметкерлер рұқсат алуға келген адамдардан қосымша құжат сұрап, еш себепсіз уақытты созып отырады. Мәселен, 15 мемлекеттік органда қызметті дер кезінде көрсетпеу бойынша 12 000 факті анықталды. Осы уақытқа дейін 6 адам тәртіптік жазаға тартылды",  – дейді  мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Гүлнұр Сәменқұлова.

Айта кетейік, жақында Астанада өткен жиындардың бірінде жер қатынастары мен тұрғын-үй басқармаларының жетекшілерін тәртіптік жазаға тарту мәселесі көтерілген болатын. Себебі аталған екі органда жемқорлық әрекеттерге себеп болатын жасырын мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.

"Жақын арада біз осы материалдарды этика бойынша арнайы кеңестің талқысына шығарып, аталған екі басқарманың бастығын тәртіптік жазаға тарту мәселесін көтеретін боламыз", – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің жетекшісі Роман Ким.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу