Астанада мүгедектігі бар адамдар үшін 120-дан астам нысан бейімделді

225

Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 

Астанада мүгедектігі бар адамдар үшін 120-дан астам нысан бейімделді Фото: gov.kz

2023 жылы Елордада мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 122 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, "Аманат" партиясының 2023–2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Халықпен бірге" жобасы іске асырылуда.

2021 – 2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 – 2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2021 – 2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 объект осы талапқа сәйкестендірілді.

Астана қаласында 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар 175 нысанда мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізді:

  • білім беру – 26 (мектептер, балабақшалар);
  • денсаулық сақтау – 20 (аудандық/қалалық ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулаториялар);
  • мәдениет объектілері – 7 (мәдениет үйлері, театрлар және т. б.)
  • спорт нысандары – 4 (спорт залдары, спорт сарайлары және т. б.);
  • әлеуметтік қорғау объектілері – 5;
  • дүкендер, сауда үйлері – 5
  • қызмет көрсету саласының объектілері – 36.

"Жалпы қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жақсарып, барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Меншік иелері объектілерді құрылыс нормаларына сәйкес келтіруге тырысады. Көптеген кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелер мүгедектігі бар азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын ескере отырып, кіру аймақтарын жаңғыртудан өткізуде. № 8 және № 9 қалалық емханаларға барған кезде денсаулық сақтау мекемелерінің қолжетімділігіне таң қалдым. Есіктер өлшемдерге сәйкес келеді, ыңғайлы лифттер қарастырылған. Сондай-ақ жақында А.Иманов көшесіндегі Каспий банкінің бөлімшесіне бардым, онда кіру аймағы қайта жаңартылған, көтергіш құрылғы орнатылып, кіреберіс кеңейтілген, кіру есіктері ауыстырылған, кресло-арбадағы мүгедектерге арналған арнайы касса, тактильді плиткалар мен көрсеткіштер орнатылған.  Бұл қала тұрғындарының ең көп баратын орындары, оның ішінде біз де жиі барамыз", – деді бірінші топ мүгедектігі бар елорда тұрғыны Дастан Раушанбеков.

Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 95 тексеру жүргізді.  Оның ішінде: 49 – жоспардан тыс тексерулер, 26 – профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 20 – тексеру.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 40 ұйғарым және ӘҚБтК-нің 826-бабы тәртібінде 20 жеке ұсыным берілді, 13 млн теңгеден астам сомаға 38 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу