Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің басшылығымен "Астана Бас жоспары" ғылыми-зерттеу жобалық институтында" нақты құрылыс мәселесі бойынша кеңес өтті. Оған "Menin Elim Dala" бастамашыл топтары қатысты, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, кеңесте бірқатар мәселелер талқыланды. Соның ішінде әлеуметтік нысандардың пайдасына орай тұрғын үй кешені құрылысын жою, үйлердің қабатын азайту, Талдыкөл және т.б. мәселелер бар.
"Қалада нақты құрылыстың 18 негізгі проблемалық нысаны бар. 13 нысан бойынша мәселелер тұрғындардың тілектері мен өтініштерінің пайдасына шешіледі, яғни ТК маңында мектептер, медициналық орталықтар, балабақшалар, қоғамдық кеңістіктер болады. Қалған 5 нысан бойынша сот және келіссөздер процесі жүріп жатыр", - деп атап өтті әкімдік.
Мысалы, Байтұрсынов көшесі, 7 (Хайвил ТК) мекенжайында жер учаскесінде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады.
"Сондай-ақ, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында, яғни "Хайвил" тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады. Күмісбеков көшесі, 9/2 үйінің жанында 21 қабатты тұрғын үй кешені және паркингтің орнына гүлзар салынады. "Sport Towers" ТК тұрғындарының өтініші бойынша екі мектеп салынады (Alpamys ТК мен Alau ТК арасында және Барыс-Арена мұз айдынына оңтүстік бағытта)", - делінген хабарламада.